2026 жылғы 17 ақпанда Сарыкөл шағын жинақты негізгі орта мектеп КММ-де «20 минуттық оқу» сағаты ұйымдастырылып өткізілді.
Аталған іс-шараға 5-сынып оқушылары белсене қатысып, әрқайсысы өздері таңдаған кітаптарын ортаға салып, кезек-кезек мәнерлеп оқып берді. Оқушылар шығармалардың мазмұнын түсініп оқуға тырысып, алған әсерлерімен бөлісті, кейіпкерлерге мінездеме жасап, өз ойларын еркін жеткізді.
Бұл тағылымды оқу сағатын мектеп кітапханашысы Бекетаева А. ұйымдастырып, оқушыларды кітап оқуға баулып, олардың белсенділігін арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын ояту, оқу мәдениетін қалыптастыру, сөздік қорын молайту, ойлау қабілетін дамыту және рухани тәрбие беру болды. Балалардың белсенділігі ерекше байқалып, әр оқушы өз қабілетін көрсетуге мүмкіндік алды.
Оқу барысында оқушылар бір-бірін мұқият тыңдап, пікір алмасып, кітаптың адам өміріндегі маңызы туралы ой қозғады. Кітап – білімнің қайнар көзі екенін түсініп, уақытты тиімді пайдаланудың бір жолы – кітап оқу екенін ұғынды.
Осындай мазмұнды іс-шаралар оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытып, білімге деген құштарлығын арттырады. Алдағы уақытта да мұндай пайдалы оқу сағаттары өз жалғасын табады деп сенеміз.





